“Айтыс” туралы айтыс
ҚР Мәдениет және ақпарат министрі
Е.К.Ертісбаевқа
А ш ы қ х а т
Құрметті Ермұхамед Кабидинұлы!
Қазақстан телеарнасындағы қазақтілді таратымдарға деген жұтаңдықты соңғы он ай бойы білдірмеген көрсетім - “Айтыс Қазақстан” чемпионаты”. Әрине, бұл – қазақтілді телекөрерменнің ең тұшынып көретін және халқымыздың заман талабына сәйкестендірілген, төл өнерінен туылған шоусипатты телетуынды.
Сондықтан да, өзімнің бұл телеидеяға қатыстылығымды бұған дейін “Қазақстан” ЖАҚ телерадиокорпорациясы басқармасының төрағасы Нұртілеу Иманғалиұлының атына жазылған хатпен ғана шектеліп, “Қазақстан” ұлттық телеарнасының көрермендеріне идеямның қаншалықты ұтымды да жаңашыл әрі тиімді екенін қызықтауға кедергі келтірмей келдім. Өкінішке орай, Н.Иманғалиұлы менің хатымды жауапсыз қалдырғанымен қоймай, идеяның толыққанды шығуына мүдделілік танытпастан, көрсетімнің ішінара айтарлықтай кемшіліктерге ұрынуына жол беріп отыр:
айтыс ақындардың емес, әкімдердің айтысындай сипат алуда;
айтыс ұйымдастыру барысы көрермендерді аумақтық-әкімшілік ауқымға жіктеуде;
айтысқа көрермендер дауысының әділетсіз жолмен берілуі және әділетсіз саналуы орын алған, т.б.
Бұл айтыс идеясына өзімнің қатысымды, мына дәйектерді тізе отырып,
ҚР Авторлық құқықтар жөніндегі комитетінде 2001 жылғы 28 қыркүйектегі №166 интеллектуалдық меншік нысанын тіркеу куәлігімен 18.07.2001 ж. әзірленген “Ақындар айтысын жаңаша ұйымдастыру ережесінің” мазмұны мен бұған дейін БАҚ-да жарияланған идеяларымның құрамталары (бөлшектері) ретінде мына жайттарды хабарлаймын:
- айтыстың тікелей эфирде өтуі;
- айтыстың жек пе жектік сипатқа көшуі;
- айтысты бұқараның бағалауға қатыстырылуы;
- айтыстың шоулық көрініске ие болуы;
- айтыстың алқа-қотан ортада жүруі;
- айтыстың жанрлық түрлеріне кезең-кезеңмен мүмкіндік берілуі;
- “Айтыскер” терминінің қолданылуы т.б.
Елдегі айтыс өнерін насихаттауға бұған дейін мәдениет саласының органдары жете мән бермей келгендіктен және бұл сала жекелеген жандардың қолымен монополияға ұшыратылғандықтан, 2001 жылғы 10 наурыз – 17 маусым аралығында Ақтөбе қаласындағы РИКА телеарнасында «Жек пе жек» аталатын толық байқаудан өткен айтыс нұсқасын да, басқа идеяларымды да жүзеге асыруға мүмкін болмай келді. Оның есесіне, 2001 жылғы 30 маусымнан бастап бір жыл бойы “Хабар” телеарнасында сіздің қазырғы лауазымды қызметкеріңіз, “Қазақ радиосы” компаниясының бас директоры Жүрсін Ерман мырза өзінің авторлық таратымына айналдырып, ақыры идеяны одан әрі дамытпай, тастап кеткен еді. Енді авторлық құқықты аяққа басудың эстафетасын сіздің министрлікке қарасты “Қазақстан” ұлттық телеарнасы былтырғы қыркүйек айынан бастап, он ай бойы іске асырып келді.
«Қазақстан» телеарнасының басшылығына (вице-президент Иманбай Жұбаевқа) бұған дейін бұл жобаны енгізу жөнінде ұсыныс түсіргенім рас, бірақ ешбір жауап болмады.
Сіздің назарыңызға 2006 жылғы қыркүйектің басында өзіңізге бағынышты Тіл комитетінің төрағасы арқылы “Тілдер фестивалі” аясында тұңғыш жоба ретінде ұсынуды қолға алғанбыз. Алайда, бұл ұсыныстың сізге қаншалықты қойылғанынан хабарсыз екенімді мойындай отырып, Е.Қажыбек мырзаға сіздің атыңызға жазылған хат жобасын өз қолыммен әзірлеп бергенімді баяндаймын. Алайда, бұл жайдың нәтижесі ретінде көп ұзамай “Қазақстан” телеарнасынан пайда бола бастаған “Айтыс Қазақстан” чемпионаты” деген ерсілеу аталатын жобаның көпшіліктің көңілінен орын алғаны әмбеге аян. Оған қоса, аталмыш телекөрсетім идеясы әлі күнге авторсыз жария етілуде, бұл да телеидеяның “Қазақстан” арнасына тиісті екендігіне сенімсіздіктен туындаған жайттың көрінісі ретінде бағалаймын және мұны аталмыш телеарнада креативтік шаралар шынайы қолға алынбағандығынан көремін.
Министр мырза, өз атымнан сізге ұсынылған мәдениет пен ақпарат саласын дамытуға арналған бірнеше жобаның біреуінің ғана тағдырын баяндай, еліміздегі авторлық құқықтың қаншалықты тәрк етілу көрінісін қоғамдық орта назарына сала отырып және бұдан әрі өз елімде өзімнің идея авторы ретінде сезіне алмайтыныма мәжбүр екенімді білдіре келіп, сіздің аталмыш жайттың әділетті түрде шешілуіне ықпал етуіңізге үміттенемін.
Қазақ халқының қазырғы өмір талабына икемделе алатын өнерінің сан алуан әлеуеті бар екенін, аталмыш идея бойынша ұйымдастырылған телеайтыс нұсқасы дәлелдеп отыр. Нәтижесінде аталмыш арна елдегі қазақтілді телекөрсетімдердің ішіндегі ең тартымды телетаратымға ие болуда, тікелей жек пе жек айтысқа дауыс беру саны 100 мыңға жетеқабыл – бұл қазақ телеарналарында бұрын-соңды болмаған құбылыс. Сондықтан мұндай авторлық идеялардың плагиаттық жолмен жарыққа шығуына тыйым салынып, керісінше, идея авторларын қатыстыру арқылы ғана барынша толыққанды нәтижеге қол жететіні белгілі.
Сізден “Қазақстан” телеарнасында қолданысқа түсіп және тәрк етіліп отырған менің идеямның авторлық сипатының қорғалуына және аталмыш телекөрсетімнің шын мәніндегі халықаралық нұсқасын әзірлеуге ықпал етуіңізді сұраймын.
Ашық хатқа сіздің атыңызға Тіл комитеті атынан 2006 жылғы қыркүйекте әзірленген хат пен өзімнің «Қазақстан» телеарнасы басшысына жолдаған хатымның жобасын қосып отырмын.
Құрметпен: С.Ерғали,
Айтысты жаңаша ұйымдастыру идеяларының авторы



Сіздің Хатыңызға Министр не деп жауап қатарын білмеймін. Бірақ, “Ана тілінің” соңғы санында Ертісбаевтың айтысқа деген көзқарасы мейлінше оң екендігін танытатын екі беттік мақаласы “Егемен Қазақстаннан” көшіріп басылыпты. Министр айтысты Лондонда өткізсем деп армандайды екен.
Газет бетіндегі айтыс, ақындар айтысы, жіктердің тартысы, салт-дәстүрдің бұзылуы, санамызды сөндіріп елді адастыруға бағытталған. Өзіңіз байқап және жан-жақты салыстырып көріңізші. Ертісбаев мырзаның сандырағы да шектен тыс шығып бара жатқан жоқ па?