Блогосфера шариғаттың шәлісін талқылауда
Интернет, Саясат2 пікір
Қазақстанда дінді халыққа түсіндіру мен оқып-үйретудің арнайы бағдарламасы болмағандықтан қоғамдағы дінге қатысты түсініктің ала-құла болуы заңдылыққа айналды. Жиырма жыл бұрын қолға алынбаған іске қазір де жете назар аударылмауда. Соның айқын дәлелі – дәстүр мен діннің текетіресі қазақ блогтарында қызу талқыланып жатыр.
Бұл тақырыпта пікірталастың басталуына соңғы жылдары Қазақстанда үлкен танымалдылыққа ие болған “Қара жорға” биі түрткі болды. ““Қара жорға” биден бұрын, ұлтты ортақтастыра алатын бір құндылық болып қалыптасқан құбылыс ретінде танылып келе жатыр деп санаймын. Әрі оның артықшылығы – ұлттық құндылықтың бір бөлшегінің дамуына шетелдегі қазақтарымыз үлес қосып отыр деген көзқарастың белең алуында. Биліктің аузынан шетелдегі қазақтарға қатысты жағымсыз пікірлер естігенде “қара жорға” құбылысы қарсы шыққан жауаптай көрінеді”, – дейді Өрімтал.
Ал осы тақырыпқа арнаған жазбасында Өркен:
бидің тегі қалмақтық, я моңғолдық болсын деп жеңіле салайық. Бірақ сол биді жалпықазақтық деңгейге шығарып, ұлттық брэндімізге айналдырып жатқан өзіміз емес пе? Бұған сол қалмақ, моңғолы да, қытайы да таласып жатқан жоқ. Ендеше, ұлттық таным ұмтылған дүниенің бәріне Исламды қарсы қоя беру соншалық сауаттылық емес.
деген пікір білдірген.
Іле-шала блогосферада “Елімізде хиджаб киюге тиым салатын заңның шығуы мүмкін екені” хабарланды. 2011 жылы Қазақстан халықаралық деңгейде маңызы бар Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық ететінін еске алған malimmeter.org танымдық және энциклопедиялық сайтында аталған заңның пайда болуына не түрткі болғаны айтылады. Дәлірек айтқандай Білім және ғылым вице-министрі Махметқали САРЫБЕВ мұндай заңның керектігін
“Қазақстан — көп дінді ел. Егер хиджабқа рұқсат берсек, ертеңгі күні бір сыныптағы отыз оқушының отыз түрлі киініп отыруы жақсылыққа әкелмейді“ деп түсіндірген.
Аталған тақырыпқа орай өзінің пікірін білдірген Тимур мұндай заңның қабылдануы Қазақстанның Конституциясындағы азаматтарға берілген діни сенім еркіндігіне қарама-қайшы келетінін айтып:
Енді дәл бүгінгі жағдайға қарап отырып “Біздің жоғарғы лауазымды шенеуніктеріміз, министрлер осы аталған заңдарға өздерінің томпақ келіп жатқандарын білмейді” деп айта алман. Демек оларды Ата Заңға қарсы итермелеп отырған не күш?
деп мәселенің астарына үңілуге тырысқан.
p.s. Өткен аптада Баку қаласында мыңдаған мұсылмандар да Әзірбайжан мектептерінде оқушыларға хиджаб киюге тиым салатын заңға қарсы наразылықтарын білдірген.
Сурет СС рұқсатымен pinkponk есімді қолданушы мұрағатынан алынды



[...] редактора: перевод поста Askhat с казахского [...]
[...] of Askhat’s post (KAZ, [...]