Абай мен Шәкәрім қағидалары неге бұрмаланады?
Білім, Қоғам4 пікір
Жабал Шойынбет ағамызды қазақ баспасөзін күнделікті оқып жүргендер жақсы біледі. Ислам діні жанашырларының бірі ретінде қазақ ғалымдардың шығармаларын мансұқтаушыларға қарсы бірінші болып бас көтеретін ғалымдардың бірі. Төмендегі хатында Абай мен Шәкәрімнің шығармалары негізінде ғылыми жұмыс, одан соң оқулық жазып, оны мектеп бағдарламасына ендірген азаматтардың жұмысына қарсылығын баяндайды.
Себебі “Д.Омаров пен Қ.Жүкешевтер жазған докторлық диссертация мен оқулықтарды оқығанда қазақ тілінен, Ислам дінінен және қазақ мәдениетіне арқау болған Шығыс өркениетінен безе қашқыңыз келеді, соншалықты жеккөрінішті етіп жазады!” дейді Жабал ағамыз.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының Философия және саясаттану институтының ізденушісі Қ.Жүкешевтің баспасөздегі диссертациялық зерттеуі және мақалаларына қатысты депутаттық сауалына Білім министрінің міндет атқарушы К.Шәмшидинованың (2007ж. 13 қараша 324-3-8903/10-4-3) «Философия және саясаттану институты ізднушінің идеяларын мақұлдамаған және ізденуші диссертацияны көпшілік алдында диссертациялық кеңесте қорғамаған» деген «шығарып салма» жауабы қанағаттандырмайды. Себебі 1996 жылы Философия институтының директоры, академик Ә.Нысанбаев пен ұжымы түгелдей қолдап Д.Омаровтың «Абайтану» деген ұлттық рухқа және жастар санасына өте қауіпті кітабын мектеп бағдарламасына енгізгенде де Вице-министр К.Шәмшидинова (09.01.2003. №4-4-3/22) «Екі басылымда да (масқара болғанда, Д.Омаровтың «Абайтану» 1999, 2002ж.ж екі рет «Мектеп» баспасынан шығып кетті. Ж.Ш.) кришнаизм емес, жалпы адамзаттық деңгейдегі сан салалы ілімдермен салыстырыла отырып, Абайдың әлем, жаратылыс, имандылық жөніндегі данышпандық көзқарасы, рухани дүниетанымы насихатталған. Бұл кітап ұлы тұлғаның философиялық пайымдауына қатысты дүние, ал жекелеген әдебиетшілер Абайды тек әдебиет шеңберінде ғана қарастырғанды қалайтын сияқты. Ж.Шойынбет министрліктің атына өте ауыр сын айтып отыр» деп жауап берген болатын. Д.Омаров та Философия және саясаттану институтының ізденушісі болып, академик Ә.Нысанбаевтың басшылығымен «Ұлылар үндестігі» («Санат» баспасы, 1999ж.) монографиясын жарыққа шығарып, докторлық диссертация қорғамақшы болды, оны да зиялы қауым өкілдері мен журналистер дер кезінде қарсылық пікірлер айтып, тоқтатылды. Осы докторлық диссертациясының негізінде «Абайтану» оқулығы жазылды. Бүгінгі күні тағы да Қ.Жүкешев те академик Ә.Нысанбаев басшылығымен докторлық диссертация қорғамақшы болды, ондағы бұрмаланған идеяны 11 сыныптың «Қоғамдық білім негіздері» («Мектеп» баспасы, 2007ж.) оқулығының «Шығыс өркениеттері» тарауына ендірген. Бірінші жағдайда көптеген дау-дамайдан кейін сол кездегі Білім Министрі Ш.Беркімбаева «Абайтану» оқулығын мектеп бағдарламасынан алса, бүгінгі күні Білім Министрі Ж.Түймебаев «Қоғамдық білім негіздерін» мектеп бағдарламасынан алдырып тастады. Өткеннің ащы сабағынан неге қорытынды шығармаймыз, кадрдың жауапкершілігі қайда, Қ.Көшербаевтан бастап Ш.Беркімбаеваға дейінгі Білім Министрлерінің қол қоюына ықпал жасап, Абайдың кришнайт ретінде жазылғанын біле тұра, әдейі құжат дайындаған Білім министрлігінің қазақ тілі мен әдебиет жөніндегі бас маманы Роза Баттал жазаланудың орнына, қызметі өсті. Себебі, Министр барлық оқулықты талдап-талқылай алмайды, пікірге сенеді, ал бас маман ешкімнің пікіріне қарамай, өзі талдап-талқылауы қажет емес пе, ол бір салаға әбден маманданған емес пе?
Құрметті мырзалар, менің ашық хат жазуыма себеп Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына жолдауында «Қазақ тіліндегі оқулықтардың сапасы сын көтермейді. Олар адамдарды қазақ тіліне үйретуге емес, қазақ тілінен қашуға итермелейді» деп атап көрсетті.
Шындығында Д.Омаров пен Қ.Жүкешевтер жазған докторлық диссертация мен оқулықтарды оқығанда қазақ тілінен, Ислам дінінен және қазақ мәдениетіне арқау болған Шығыс өркениетінен безе қашқыңыз келеді, соншалықты жеккөрінішті етіп жазады!
2007 жылы 18 наурызда америкалық миссионер Ч.Уеллер деген академик Ғ.Есімовтің жетекшілігімен «Қазақ еліндегі діни үрдістердің мәдени-өркениеттік негіздері» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. Тағы да қазақ зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, мәжіліс депутаттары қарсылық білдірді. Диссертант – миссионер кезінде қазақ мәдениетін қорлап, «Қазақ халқының ұлттық мәдениеті» (2003ж.) деген кітап жазған. Академик Ғ.Есімов пен «Мәдениеттану» оқулығының авторы, профессор Т.Ғабитов бастаған бір топ философия ғылымының докторлары, еңбекке жете мән бермей Ч.Уеллер «қазақша біледі» екен деп таңдана жақтай жөнелді. Американдық миссионер себеп болған ұшыққан дауға ҚР Премьер-Министрі Д.Ахметов (2006ж. 16 маусым №3-729) пен Білім Министрі Б.Әйтімова жауап жазып «аталған диссертациялық кеңеске кері қайтарылды (05.06.2006ж. № КО-36/1). Ч.Уеллерге INTERNET веб-сайтына ізденушілерді докторлық Ph.D. бағдарламасы негізінде мәдениет антропологиясы, дінтану, философия, тәжірибелі социология мамандығы бойынша дайындау үшін шетел ғалымдарын іріктеу туралы ақпаратты тартуға, философия және саясаттану факультетінің және жалпы университеттің мүддесін танытуға не ауызша немесе жазбаша ешқандай құзыреттілік берілмеген.
Қазіргі уақытта осындай жағымсыз жағдайларды болдырмау мақсатында жоғары оқу орындарында халықаралық байланыстар жөніндегі жауапты мамандармен жұмыстар жүргізілуде (2006ж. 17.07.)» деп оның бүлдіргі әрекеті де әшкереленіп, бұл іске нүкте қойғандай еді.
Миссионердің диссертациясы мен кітабының Қазақстан мемлекетінің ұлттық қауіпсіздігіне кесірі тиетінін, Елбасы Н.Назарбаетың идеяларына тікелей қарсы еңбек екенін жан-жақты дәлелденген болатын (М.Қалматаев, М.Мырзахметов, Т.Кәкішұлы, Қадыр Мырза Әли, т.б. Ашық хаты (Республикалық оннан аса газетке жарияланды); М.Бұлұтай, Қазақтың ұлттығына нұқсан келтіретін диссертацияларға әрқашанда қарсы боламыз, («Заң» газеті, 30.05.2006ж.); Ж.Шойынбет, Бұл кітап кімге қажет, не үшін қажет?, («Түркістан», 28.10.2005); Сананы улайтын қос кітап, («Ислам және өркениет» 16.03.2006.); Шоқан Уәлихановтың қасиетті есімін әлдебір миссионердің қолжаулығы қылмайық, («Ана тілі», 16.03.2006ж.).
Американдық миссионер осылайша қазақтарды бір-бірімен айтыстырып, ең соңында «Мұсылмандардан кешірім сұраймын» («Жас қазақ», 06.10.2006ж.) деп мақала жазып тайып тұрды, іс бітті қу кетті деп, ал академик Ғ.Есімов ағамыз сенаторлығын сол «у сойқы» миссионердің диссертациясынжасырын түрде қайта қаратып, Білім және ғылым саласындағы қадағалау және аттестаттау комитетіне бекіттіруден бастапты, «сені құртам, соттатам, ал оны өлем, тірілем қалайда қорғатамын» деуші еді академик ағамыз, айтқанын орындапты, несі өтіп кетті екен әккі миссионердің?
Құрметті мырзалар! Қазақстанның азаматы әрі абайтанушы ғалым ретінде он жыл бойы миссионерлердің еңбектері мен әрекеттерін зерттеу нәтижесінде ғасырлар бойы ата-бабамыз аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізген қазақ еліне және оның тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ЮНЕСКО шеңберінде данышпан Абайдың 150 жылдығы тойын өткізуге байланысты бастамасына қарсы «миссионерлік ылаң» ұйымдастырылған деген тұжырымға келгенімізді ашық жариялаймын.
Әбден иін қандырып, жүйелі түрде ұйымдастырылған «миссионерлік ылаңды» жүзеге асыруға өз ішімізден тартылған екі адамды анық атай аламыз. Олар Семейден шығатын «Абай» журналының әдеби қызметкерлері, техника ғылымдарының кандидаттары ағайынды Досым және Асан Омаровтар.
Оларға жүктелген міндеттер:
- Халықаралық Кришна санасы қоғамының негізін қалаушы А.Ч.Бһактиведанта Свами Прабхупаданың «Өмірден өмір туындайды» кітабын қазақшаға тәржімалау, оны қазақтардың санасына сіңіре уағыздау.
- Досым Омаров Кришналық «Өмірден өмір туындайды» кітабының негізінде Абай мен М.Әуезов туындыларын бұрмалап докторлық диссертация мен «Абайтану курсы» оқулығын, ал Асан Омаров Шәкәрім мұраларын бұрмалап докторлық диссертация мен кітап жазу көзделген.
- Бұл істі жүзеге асыруда жерлестік, руластық, қызметтестік, достық қарым-қатынасты барынша пайдалану.
Сөзімізді дәлелдейік, аударманы екеулеп тез орындайды, уағыз жүргізуде 1993 жылдан «Кришна санасы қоғамы» діни бірлестіктің мүшесі Досым аса белсенділік танытады. Бұлар мақалаларында Кришналық уағызды білдіртпей «бомба» ретінде, кітаптарында «мина» ретінде жасырын тықпалап отырған. Мысалы, Абайдың 150 жылдығына тұтас номер арналған «Жас Алаш» газеті (9 тамыз 1995ж.) алғашқы бетін Д.Омаровтың «Болашаққа жол сілтеген бабамыз» мақаласымен айқайлатып ашқан, тіпті ғалым ағаларымыз М.Әуезов, Т.Жұртбаевтардың қолдауымен Д.Омаровтың «Оқыған азамат немесе Әуезов кейіпкерлеріндегі Батыс пен Шығыстық өлшемдер» («Заман-Қазақстан», 12.09.1997ж.) мақаласы Әуезовтің 100 жылдығына арналған бәйгені қанжығасына бөктереді.
«Жас Алаш» газетінің штаттан тыс тілшісі ретінде сол кездегі ҚР ҰҒА вице-президенті, қазіргі академик-сенатор Ж.Әбділдинмен «Жабайхан аға, Абайдың құдайға сену туралы ойларын қалай түсінуге болады» деп сұхбаттасып, тамырын басып көреді (05.12.1995ж.). Академик Ә.Нысанбаевтың «әкелік қамқорлығына» бөленеді, институттың ізденушісі, ғылыми қызметкері, Энциклопедияның белсенді авторы болады, институт ұжымы «Ұлылар үндестігі» докторлық монографиясы мен «Абайтану курсы» оқу құралын талқылағанда (№ 23 Протоколы, 07.07.1999ж.). Д.Омаров: «Әуелі 1996-1997 оқу жылдарынан бастап «Абайтану курсының» қолжазбасы Алматыдағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын №2 мектеп-интернатта сабақ жүргізіліп, апробациядан өткізілгені, Білім, мәдениет және денсаулық министрлігі осы қолжазба бойынша «Абайтану курсы» атты оқу құралы жазылып, ол жаңа жүйемен қарастырылғаны, «Ұлылар үндестігі» монографиясының материалдары 1997 жылы М.Әуезов мерейтойында жүлдеге ие болғандығы» айтылғанда «керемет, жаңа көзқарас» деп таңқала, бірауыздан құптай кетеді. Бұл жаңалықтың дүмпуі Шығыс Қазақстандық, КСРО мемлекеттік сыйлығының иегері, атақты мұғалім Қ.Бітібаева апамызға да жетіп, «Оқушы неге Абай туралы М.Әуезов немесе Қ.Жұмалиев пікірлерін қайталап айтып беруі керек. Өз қабылдауы, өз пікірі, тұшынуы қайда? Осы тұрғыдан қарастырғанда Д.Омаровтың еңбегін пайдаланудың ешбір зияндылығы жоқ» деп үлгі сабақтың жобасын жасап, Астанаға жолдайды, осы кезде ағасын қорғаған Асан маған қарсы мақала ұйымдастырып, өзі «Бәсекелестік пе, жоқ әлде білімсіздік пе?» деген, мұғалім Тоғайбай Нұрмұратұлы атынан «Шамаң келмес шоқпарды беліңе ілме» деген мақала-арыздарды Астана мен Алматыға тоғытады.
Омаровтарды қорғаушылардың арасында халықаралық «Абай» клубының президенті, өзін «ахмадийшілердің Қазақстандық лидерімін» деп жариялаған, жазушы Роллан Сейсенбаев, Ислам дінін жек көретін, Батысқа бас шұлғыған, қияли-тәңіршіл Әуезхан Қодар, академик-биолог Рахым Оразалиев т.б. бар. Олар Кришнаны уағыздайтын кітаптарын үстін-үстін шығаруда: Р.Оразалиев, Д.Омаров, Ә.Мұқашбеков «Жасару құпиясы» («Алейрон» баспасы, 2006ж.); Д.Омаров «Абайдың рухани мұрасы» («Ел-шежіре» баспасы, 2007ж.); Ә.Мұқашбеков «Рух пен тәннің саулығы», «Аштықты ұстау – денсаулық кепілі», «Жүйке жүйесінің тылсымы» («Алейрон» баспасы, 2007ж.).
Шәкәрімнен докторлық диссертация қорғауға дайындалып жүрген Асан Омаров жақында «Раритет» баспасынан шыққан «Шәкәрімтану мәселелері» бес томдыққа өзінің «Шәкәрімнің діні» көлемді мақаласын жіберіп үлгеріпті, оқыдық «бомбалары» да жүр: «Құнанбай қажы… мұқым Тобықтыны дін жолына бұруға күш салып бақты» (121 бет); «Абай мен Шәкәрімнің қазақы көшпелі өмір жағдайында діндар ортаның (тасып, әкетіп бара жатқан мұсылмандығы болмаса да) тәлімін алып өскені еш күмән туғызбайды» (121 бет); «Мұсылман әлемінің өркениеттер жарысында прогресс жолының шаңын қауіп артта қалғандығы… (ауыздарына түкіріп қойғандай Ч.Уеллер, Қ.Жүкешев, Ә.Қодар т.б. ойлары бір жерден шығады. Ж.Ш.); «Сөйтіп, кемеңгер философ ақын Шәкәрімнің «діншіл ақын», сол сияқты «сопы ақын» да емесіне қажетті дәлелді өз сөздерінен керегінше табамыз. Жалпы рухани ұстаздардың қай-қайсы да адамзатқа ортақ, олар белгілі бір мәдениет пен өркениет қалыбына сыймайды, сондай-ақ, дін шеберінің де тарлық қылатыны екі бастан мәлім» (139-140б.б.).
Міне, осылайша ағайынды Омаровтар Абай мен Шәкәрімнен ешбір ұлтты, дінді, мәдениетті мойындамайтын, оқырман санасын адастарытын жалған Кришналық «әулие» жасауға барынша ұмтылады. Осы «Шәкәрімтану мәселелері» көп томдығында академик Ғарифолла Есім «Өзі ілім қорытып, өзі мемлекет құрып, оны басқарған Мұхаммедтен кейін тарих бір-ақ адамды біледі, ол – Ленин» (168 б.), «Демек, Мұхаммед болмаса да, сондай адамның бұл өмірге қажеттілігі сөзсіз. Бұл Шәкәрім арманы» (169 б.) деп шатасады және өзінің сүйікті шәкірті америкалық миссионер Ч. Уеллердің «қазақ XVIII-ғасырға дейін христиандық дінде де болған деген» «жалған» қағидасына негіз болған, ара-жігі ашылмаған фактіні ешқандай қажеті болмаса да, өзінше жаңғыртып, қайталауды ұмытпайды: «Насіредин (нестарианство) діні туралы Құранда бар. Найман, Керейлер Монғол шапқыншылығына дейін осы дінде болған» (167 б.). Атақты академик несториандықтың негізін салған Нестур есімді монахтың есімін шатастырып, мұсылманның әйгілі Насиреддин Қожасының атымен бергенін байқамай қалса керек.
Қазақ елі тәуелсіздік алған күннен сырттан лап қойған мемлекеттігімізді шайқалтатын «теріс уағызды» таратушы миссионерлер алғашқыда көшеде өз кітаптарын таратса, ал қазір қазақ философтары мен қазақ академиктері арқылы ғылыми диссертациялар жазып, қорғатып, тәрбиенің алтын бесігі мектепке өз идеяларын тықпалауға дейін қол жеткізді.
Кімге сенеміз, бұл «сұрқия іске» кім тыйым салады?!?
Жабал ШОЙЫНБЕТ,
Филология ғылымдарының кандидаты,
ҚР Журналистер одағының мүшесі, абайтанушы



«Өзі ілім қорытып, өзі мемлекет құрып, оны басқарған Мұхаммедтен кейін тарих бір-ақ адамды біледі, ол – Ленин» (168 б.), «Демек, Мұхаммед болмаса да, сондай адамның бұл өмірге қажеттілігі сөзсіз. Бұл Шәкәрім арманы» (169 б.)
Мынадай жерлері бары рас болса – масқара екен! Мұны мұрнының астынан өткізіп алған БжҒ министрлігін өзін сарқып бітті деп есептеп, мемлекеттік жалауды жоғалтып алған әскери бөлімше сияқты таратып жіберіп, жаңадан құру керек.
Жалпы ептеп ұлттық құндылықтарға “партизандық” шабуыл басталып келеді. Әлдебір жиналып әрекет ететін, жоспарлы түрде жұмыс істейтін күштерді шырамытамын.
Өткенде бір масқара оқығанымын осындай. Бір драматург Абайды басты кейіркер қылып, пьеса жазыпты-мыс. Сонымен пьесаның ең “тұзды” жері, о тоба! – Абай сценада Әйгерімді … зорлай бастау керек екен!!! Кәдімгідей, киімдерін алып-жұлып, сабап жығып, зорлауы керек! Автор мұнысымен Абайдың еркек ретіндегі образын күшейткісі келгенін айтыпты, қазіргі адамдардың симпатиясы тіпті артады деп есептейді…
Ал Сіздер философия дейсіздер…
Уеллер деген америка азаматы қазақ тілін өте жақсы меңгерген. Ол бірде Сұлтанмахмұттың өлеңін талдап отырып, бір жиында “қазақтардың христиандық тамыры барын” дәлелдеуге тырысқаны есімде. Ең қиыны егер осындай азаматтардың докторлық жұмысын қорғаса, бұл мәселелердің ғылыми негізі қаланады деген сөз. Өзгелер соларға сілтеме жасап, ғылыми жұмыстарын қорғамақ.
Гуманитарлық ілімдердің мен байқаған бір бәлесі – ешқашан ақиқат үстемдік орнамайды. Көкмылжың ғылымдар сондай.
Наймандар христиан болуы себепті бір күні түп-тамырымыз христиандық болып шықса, осы жаңалықты ашқан адамға лағнат айтар едік. Сондай-ақ мен зерттеп, президент Вашингтонның шын мәнінде сүндетке отырғызылғанын анықтасам, көзімді аэропортта-ақ жояр еді. Яғни бұл жердегі айтыста тек ұлттық мүдде роль ойнайтын сияқты меніңше. Көңілің түзу болса – исламетпін деп, өмір бойы айғайлауға барсың. Бір түйір адамды шоқындырса, ақиретте жұмақтан орын аламын деп ойлайтын “бесінші крест жорығының” өкілдері де өмір бойы құлағыңа айғайлауға бар. Гуманитарлық ғылымдарда ақиқат емес, кім көп және қаттырақ айғайлайды, әлдебір уақытқа соның ақиқаты үстемдік құратын сияқты. Сондықтан бізге де мистер Уеллердің шабуыл тактикасын ұстанған дұрыс. Сексеуілді сексеуілге ұрып сынырады демекші, өз қаруын өзіне кезеу керек. Алдымен Твеннің, Купердің, Драйзердің өмірбаянын, жазғандарын тіміскілейік. Бір жерден исламдық реңкі бар айтқандары мен жазғандары қылаң беріп қалар…
Ал анабір Сұлтанмахмұттың өлеңдерінен христиандық белгілер “табылған” жиын туралы толығырақ айтып берсең Асқат, қызықты екен. Өтініш.
Мына жерден қарап көрсеңіз болады. Басқа да журналистердің жазғандары бар еді. Тапсам, жеке поштаңызға жолдайын, ИншАллаһ!