Астанаға Америкадан ұшып келген 170 сиырдың 8-і ауада жоғалып кеткені ме?
Интернет, Экономика, Қоғам3 пікір
АҚШ-тағы Солтүстік Дакотадан тәуелсіздік күніне дейін 2040 сиыр Астанаға ұшақпен жөнелтілмек. Осы аптада сиырлардың алғашқы легі жөнелтілді. Американың Оңтүстік Каролиндағы The State басылымы: «Бұрын соңды мұндай көлемде сиырды шетелге тасымалдап көрмеппіз» дейді. Басылымның хабарлауынша бұл сиырлар Қазақстанның ет өндірісін дамытуға септеспек. Алайда Қазақпарат таратқан ақпаратта жалпы саны 2020 сиыр Ақмола облысының маңындағы арнайы бордақылау алаңына әкелінеді деп хабарланған. Сонда 50 млн АҚШ долларына жасалған келісімнен 20 сиыр қайда түсіп қалды?
Сиырлар UPS компаниясының Kalitta Air 747 ұшағына 12 қазанда тиеліп, алғашқы легі Астанаға келді. Қазақ үкіметі Bismark компаниясымен еншілес Global Beef Consultants LLC компаниясымен құны 50 млн долларға келісім жасасқан. Келісімде желтоқсанның 15-іне дейін Қазақстанға 2040 ангус және хэрфорд тұқымды сиырларды алып келу көзделген. Бұл шетелдік басылымның ақпараты болатын, ал өз еліміздің ақпараты бұл хабарды былай түсіндірген:
«ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ еншілес компаниясы – «Мал өнімдері корпорациясы» АҚ американың атақты «Global Beef» компаниясымен бірлескен кәсіпорын құру бойынша ынтымақтастық туралы бұрын қол қойылған меморандумның орындалуын іске асыру шеңберінде салынып жатқан мал шаруашылығы кешені үшін жоғары өнімді ірі қара мал (ІҚМ) басының бірінші партиясын жеткізуге кірісті.
Жалпы салмағы 80 тонна болатын жүктің алғашқы бөлігі осылайша осы аптада Астанаға келіп қонды.
Бір қызығы, Американың The State басылымы 170 буаз сиыр тиелді десе, Қазақпарат Астанаға 162 сиыр «ұшып келді» дейді. Сонда сегіз сиыр ауада жоғалып кеткені ме? Қазақпарат таратқан хабарда:
… Қазақстан Республикасы аумағына Солтүстік Дакотадан (АҚШ) 162 бас тұмса малдарды тиеген алғашқы ұшақ жерге қонды. Малдар ұшуды қалыпты жағдайда өткізді. Ұшақта оларды мал дәрігері және америка тарапының мамандары бақылауға алып ілесіп келді. Одан әрі олар репродукторға жеткізілетін болады. Барлығы жоба бойынша 2020 ІҚМ басын әкелу жоспарланып отыр делінген.
Америка басылымы жалпы саны 2040 сиыр жөнелтіледі десе, Қазақпарат сандарында 20 сиыр кем. Еліміздің ресми сандарына енбей қалған 20 сиырдың америка ұшағына отырғызылғанымен, Қазақстанға ұшып келе жатқанда зым-зия жоғалуының астарына үңілетін болсақ, ойымыз сан-саққа жүгіреді. Көкке көз салып көрелік, мүмкін Герефорд және Ангус тұқымды жоғалған 8 сиыр ұшақ ішіндегі америкалық мал дәрігерлеріне білдіртпей секіріп түсіп ауада ұшып жүрген шығар…



[...] редактора: перевод поста Askhat с казахского [...]
[...] of Askhat’s post (KAZ, [...]
[...] да сиырлар ұшып келе жатыр. Өткен жылы хабарлағанымыздай Американың Солтүсті Дакота штаты мен Қазақстан [...]