Менің бірінші блогым
Қазақ тілінде “блог” жазуға ықылас білдіргенімде ойымда бірнеше тақырып болды. Соның бірі білім және білімдегі ақпараттық-коммуникациялық технологиялар болса, екіншісі дүние жүзіндегі танымал, тіпті танымал болмаса да қызықты “әдеби сыйлықтар” тақырыбына шолу жасап, қазақ тілді оқырмандарды әлем әдебиетінде болып жатқан жаңалықтармен таныстыру еді. Осы мақсатта әлемторғы сұраныс бергенімде, бірінші болып көзіме “Блукер сыйлығын пулеметші алды”(http://webplanet.ru) деген хабар ілікті. Сөйтсек жыл сайын блог негізінде жазылған кітап үшін берілетін Lulu Blooker Prize (http://www.lulublookerprize.com/ )биыл американдық Колби Баззелге Ирактағы соғыстың бейресми тарихын баяндағаны үшін берілген. Әскеридің кітабы, оның блогы сияқты “Менің соғысым: Иракта зая кеткен уақытым” (My War: Killing Time in Iraq) деп аталады. Мүмкіншілік болса кейінірек бұл туралы толығырақ жазармын
Шексіз ақпараттың ішінен ең алдымен Қазақстанмен байланыстысын іздейтінім рас. Сондықтан “әдеби сыйлықтарды” іздегенде де өз елімізбен байланыстысы бар ма дегенді де естен шығармадым. Бұл ізденісім мені ТМД елдерінің жазушыларына арналған ресейлік сыйлық “Русская премия” конкурсы туралы мәліметтерге жолықтырды. Осы конкурстың 2006 жылғы проза номинициясындағы бірінші жүлдесі өзбекістандық жазушы және ақын Сұбхат Афлатунидің “Ташкент романына” беріліпті. Екінші және үшінші орындарды қазақстандық Иван Глаголев (“Алматылық хикаялар”) пен Николай Веревочкин (“Есімі жоқ адам”) бөліскен. Ынталандыру сыйлығын Татьяна Мартиросян (Армения) “Маятник заңы” романы үшін, Валерий Квилория (Беларусь) “Құпия жазбалар” әңгімелер жинағы үшін және Бақыт Даулбаев (Қазақстан) “Бәрі тұлпардан басталады” әңгімелер жинағы үшін алған. Бұл конкурстың ең басты мақсаты – ТМД кеңістігінде орыс тілін мәдени құбылыс ретінде сақтауға және халықтардың гуманитарлық бірлігін қалпына келтіруге септігін тигізу деп айтылған. Енді осы әдеби шығармалармен таныс болуға тырысқанымда әлемтордан ешқандай қосымша мәлімет таба алмадым. Өкінішті-ақ.
Бірақ бұл ізденістерім мені http://musagetes.com/ сайтына жолықтырды. Ол Қазақстандағы тіл мамандарына белгілі «Апполинарий» әдеби-көркем журналының әлемтордағы көрінісі болып шықты. Сайттың «Проза» бөлімінде орысша жазатын бірақ аты-жөндері қазақ біраз есімдерді көрдім. Тізімді қарап шығып ішінен екі авторды оқып шығуға бел будым. Біріншісі, Расул Шыбынтаев «Похоронное бюро на улице Солнечной», екіншісі Әділхан Сахариев «Жұлдызым». Екеуі де атымен қызықтырды, бірінші атауды Алматыда тұратын азаматтар жақсы біледі деп ойлаймын, Жандосов пен Солнечная көшесі қиылысындағы салт қызметін көрсету орны, «Жұлдызым» деген атау маған бір жақсылықтың, нәзіктіктің, самал желдің лебі сияқты болып көрінді. Бірақ екі әңгіме де шыныйы өмірдің сипаттамасы болғандықтан көңілге бір арқау берудің орнына, қынжылтып тастады. Иә, өмір осындай, бірақ жақсылықтың, үміттің болғаны қандай жақсы. «Қабуснамада» айтылғандай «Үмітсіздіктен сақтан, үміт отын жаға біл». Мүмкін жас жазушылар қаламдарын шыңдап, оқырманға үміт беретін шығармалар жазуға талпынар.



Жазушылыққа талпынып, тырнақалды туындыларын жазып жүрген жас қаламгерлер, шүкірлік, бар. Бірақ менің ойымша олар дәл қазір кімнен, я болмаса неден бағыт-бағдар алатынын білмейтін сияқты. Атағы дардай жазушыларымыз ұсақ-түйекті жырлап кетті емес пе? Менің жеке түсінігімде жазушы ұлттық
саясатқа, идеологияға бірден-бір ықпал ететін, қоғамның рухани дамуына әсер ететін тұлға болмағы керек. Ал қазіргі жазушылар бір-бірімен газет беттерінде таласып жүр. Олар саясатты өз соңдарынан ерте алмады, бүгінгі саясаттың соңынан еріп жүр… Желкілдеп өсіп келе жатқан жас жазушылар
әлемдік әдебиет маржандарынан сусындаса, аға буынның қателігін қайталамас деп ойлаймын.
Ассаламуалейкум kardeşim блогынызды тамаша жасапсыз. Алла тагала сізге екі омірдін жаксылыгын ж/е екі омірде де абыройлы кылатын білім берсін.
Думан,
Пікіріңізге көп рахмет.
Sonda jeke blogin bar ma?
Қазақстан туралы мәліметтің әлемторда аз болуы , біздің елде осы тормен қолданушылар саны 2,7 пайыз ғана құрайды (2005 жылғы ресми мәліметке
сүйенсек тек қана 400 мың адам, Алматы тұрғындарының санының үштен бірі
ғана). Міне сізге бір себеп!
Екінші себеп, осы қолданушылар арасында қазақ тілін білетіндер бірен-саран,
ал тіл білетіндер арасында қазақша жаза алатындар одан да аз!
Үшінші себеп, осы жердегідей қазақша жазуға болатын сайттар саны аз.