Елбасыға 34 мың сауал түсті
Жұма күні Елбасы Назарбаевпен тікелей желі бойынша жасалған байланысқа 34000 сауал түсті. Бұл 2007 жылғы мемлекет басшысының интернет-конференциясы кезінде қойған сауалдардан алты-жеті есе артық (2007 жылы 7 маусымда интернет-конференция арқылы 4,7 мың сұрақ түсті).
Интернет арқылы түскен сұрақтардың көбісі әлеуметтік мәселелер, тұрғын үй, заңдылық пен тәртіп сақтау жөнінде жолданған. Тікелей желінің порталынан алынған тағы бір сұрақ тексерулерге мораторий жариялау, салық салмағын жеңілдету, рәсімдеу мен есеп беруді оңайлату мәселелеріне арналды. Президент «Жол картасы», зейнетақы, балабақша, ЕҚЫҰ-ға төрағалық, Мәдени мұра, ұлттық идеяға байланысты сұрақтарға жауап берді.
Сонымен қатар, жастар проблемасы да талқыға салынды. Тараз қаласының тұрғыны мектеп жасындағы жасөспірімідерден құралған қылмыстық топтардың көбеюі және осы топтардың арасында болатын ақша жинаулар, төбелесулер жайында айтты. Осы мәселеге байланысты Президент:
- Мұндай мәселелерді жергілікті құқық қорғау органдары қадағалауы керек. Әкімшіліктің жұмысы. Айтып отырғаныңыз, әрине, дұрыс. Жас балалардың арасында ондай болады. Бірақ дәл Тараз қаласында осындай жағдай болады деп мен ойламап едім. Сондықтан қазір Жамбыл облысының әкімі байланысқа шықсын және Ішкі істер министрі жауап беруге дайын отырсын.
Жамбыл облысының әкімі Бөрібай Жексембин Жамбыл облысы аумағында жасөспірімдер арасындағы қылмыстың өршіп кеткендігі туралы газетте мақала жарық көргенін, алайда, осы мақалаға байланысты облыстық прокуратура тексеру жүргізіп, қаладағы мектеп жасындағы жасөспірімдердің қылмыстық істерге тартылуы, қылмыстық топтарға қосылуы немесе басқалардан қорқытып қаражат жинады дегені дәлелсіз екендігін анықтағанын айтты. Ақпарат дәлелсіз болып қалғанымен, Ішкі істер министрі Серік Баймағамбетов аталмыш мақаладан кейін, министрліктің орталық аппаратынан Таразға арнайы топ жіберілгендігі туралы мәлімдеді.
Қылмыстық әрекеттерге байланысты: рэкет, қарақшылық қысым көрген адамдардан тағы бірнеше хат келіп түскен екен. Бұл мәселелердің барлығын да Елбасы республиканың Бас прокуроры Қайрат Мәмиге тапсырған болатын.
сурет http://news.nur.kz порталынан алынды



соңғы пікірлер