Құтырған менеджерлер
Саясат, Экономика, Қоғам1 пікір
Елімізде әртүрлі қаржы құрылымдары құрылған. Солардың бірі «Ұлттық Инновациялық Қор» АҚ мен «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ деп аталады. Аталған қорға бюджеттен 70 млрд. теңге бөлінген. Бірақ сол ақша тағы да желге ұшты
«Түркістан» газетінің тілшісі басылымның соңғы санында Нәзия Жоямергенқызы «Банктердегі депозиттердің тасасында не жатыр?» деген сауалға жауап іздеген. «Айналдырған екі жылдың ішінде инвестициялық және инновациялық екі қор басшыларының кесірінен 25 млрд.тан астам теңге ысырап болыпты» дейді автор.
Мақалаға Есеп комитеті төрағасының бюжет ақшасының қалай жұмсалғандығына қатысты деректер арқау болған. «Кезінде мемлекет тарапынан 70 млрд. теңге салынған «Ұлттық Инновациялық Қор» мен «Қазақстанның инвестициялық қорының» басшылары қатаң сынға алынған. Себебі бұл екі компанияға 121 жобаға бөлінген қаржының тек бесеуі ғана іске асырылған. Әрі 25 млрд.тан астам теңге шығын келген. Сондай-ақ, қорлардың жобасынан түсуі тиіс 11 млрд. теңге бюджетке кері қайтпаған». Бір қызығы, «Түркістан» басылымының жазуынша Инновациялық қордың басшылығы құрылғалы бері 6 рет, ал инвестииялық қорда 5 рет ауысқан. «Айналдырған екі жылдың ішінде 25 млрд. астам теңгені желге ұшырған 11 басшының ешқайсысы мемлекетке келтірген шығындары үшін жауап бермеген. Керсініше, қалталарын аса ірі көлемдегі бонустар мен сыйақыларға толтырған».
Есеп комитетінің төрағасы осы орайда, өз міндетін атқара алмаған менеджерлерге берілген сыйақылар мен бонустарды кері қайтарып алу керек дейді.



Аңқау елге арамза молда, немесе, апама жездем сай.