Кредитті қайтармау сәнге айналып барады
Экономика, Қоғам2 пікір
Кеше достарым: “Банктер арзанға машина сатып жатыр” дегенді айтқан. Сөйтсем, банктен несие алып, оны қайтара алмаған соң, кепілге қойған мүліктер сатылып жатқан көрінеді. Жалпы жұрт арасында банктен алған кредиттерін қайтармау кең етек ала бастапты. Рас өтірігін қайдам, Оңтүстік Қазақстан облысының тұтас бір ауданы “Ал не істейсіңдер. Қайтармаймыз” деп кредитті қайтармай отырған көрінеді. Арасында кейбіреулері 6 ай бойы қайтарып келгендеріне өкініп те жүр екен…
Апта басында қазақ банкирлері несие дағдарысынан кейінгі бір жылдың ішінде болған өзгерістерді талқылады. Ел ішінде банк алдындағы берешегін қайтармаушылардың саны ұлғайып бара жатқанына алаңдады.
Ел ішін жайлаған қымбатшылық мойнындағы қарыздан құтылуға мүмкіндік бермей тұр деген пікірмен сарапшылардың көпшілігі келіспейді. Мәселен, қарызды қайтару ісімен айналысатын «Қарызқорлармен жұмыс істеу бюросы» компаниясының басшысы Ернұр Ысқақов:
«Банктер банкротқа ұшырап, қарыздың барлығы өз-өзінен күйіп кетеді деген алдамшы пікірдің жетегінде жүргендер көп. Банктер қарызға берген ақшасын тұтынушыларынан қалай да қайтарып алады. Қазірдің өзінде олар өз қарыздарын сот арқылы өндіріп жатыр»,
– дейді.
Қаржы саласы мамандарын сот шешімін орындамай жатқан тұтынушылардың да көбейіп бара жатқаны қынжылтады. Несие алушылар банк алдындағы өз міндеттемелерін орындау үшін шетелдің тәжірибесін қолдануды ұсынуда. Билік тарапынан түсіністік болып, банкирлердің ұсынысы қабылданатын болса, алдағы күндері банктегі қарызын уақытында қайтармай сот шешімін орындамағандар жүргізуші куәлігінен, қалта телефонмен сөйлесу немесе шетелге саяхаттап шығу т.б. мүмкіндігінен айырылады.
Егер банктен алынған несиелердің қайтарылмауы жаппай үрдіс алатын болса, бұл тұтас экономикаға өзінің залалын келтіреді. Бұл жағдайда банкирлердің жоғарыдағы ұсынысының қабылдануына биліктің өзі де мүдделі болмақ.



Шын мәнінде банктен несие алу өзекті мәселеге айналып бара жатыр. Қаржылық табысы төмен отбасыларда несие алу – проблеманы шешудің бір нұсқасы секілді. Басында кредит алу туралы тез шешім қабылдаған жанұялар кейіннен жалақысын үкіметке бергісі келмейді. себебі, күнделікті шаруаға ақша жетпегендіктен болар. Міне, осының салдарынан туындаған жағдай ғой. Бұл сәнге айналу емес, жағдайдың ушығып кетуі деп ойлаймын.
Иә, сән деген сөзді тырнақшаға алып қою керек
Негізі қарызды қайтару міндет қой. Бір жағынан ашынып отырғандардың да жағдайын түсінуге тырысасың. Бірақ түптеп келгенде қарызын қайтармаған адамның дұғасы да қабыл болмайды.