Тәуелсіздік күніне қатысты ой
Қоғам4 пікір
Түнде Төле бидің бойымен кетіп бара жатқанда ескі алаңда дайындықтар жүргізіліп жатқанын көргенмін. Әдеттегідей сахна мен жағалай жәрмеңкеге арналған сауда орындары әзірленіп жатқан еді. Көз алдыма күні ертең теледидардан көретін репортаждардың сюжеті елестеп кетті.
Биыл да жұрт: «Алаңға шығамыз» деп дүрлікті. Негізі жыл сайын айтылады. Мен Алматыға келгелі бері 16 желтоқсан таянды дегенше осындай әңгіме еститін болдым. Студент кезімде жатақханадағы студенттерді ертерек ауылдарына қайтарып, ауылы алыс біздерді күзетуге бір мұғалімді жіберетін. Биылғы наразылықты көпшілік Қытай инвесторларына берілетін 1 млн. гектар жермен, «қазақстандық ұлт болып кетеміз» деген «Ел бірлігі» доктринасымен және елімізге Қытайдан қоныс тебетін ұйғырлардың көптігіне қарсылығымен түсіндіруге тырысты. «Қытайға жер бермейміз!» деп жалма-жан үкімет басшысы ақталған. Ал шахановтардың аштық акциясының салдарынан соң, «Ел бірлігі» доктринасын талқылау кейінге шегерілетін болды. Қытайдан көшіп келетін ұйғырлар туралы анық, дәлірек айтқанда ресми мәлімет естіген жоқпын. Сондықтан билікке негізі жылдың соңына қарай қандай да бір шалт қадам жасау қауіпті екенін әлдеқашан аян болған шығар деп ойлаймын. Не де болса, жеке өз басым үшін «Тәуелсіздік күні соңғы жылдары мерекелік көңілмен емес, бір қауіп, толқу болып қалар ма?!» деген ойлармен байланыстырылатын болып жүр.
Өзім қазір Мәскеудемін. Мен тоқтаған «Holiday Inn» қонақ үйі қаланың қай жерінде екенін дөп басып айта алмаспын. «Beeline» жылдың қорытындысы есебінде Қазақстаннан санаулы журналист шақырған еді. Сөйтіп, төрт сағаттай ұшып келіп қалдық. Домодедова әуежайына түстік. Бірақ әуежайдағы кедендік бақылаудан өте ұзақ өттік. Әрі қызметкерлердің дөрекелігі мерекелік көңілді су сепкендей басып тастады. Күн суық екен. Мәскеуге қона бергенде ұшақтағы қызметкер: «Сырттағы күн райы минус 27» дегенді әдейі кідіріп, екпін бере айтқаны есімнен кетер емес. Қазір кешке бір театрға апарамз деген. Жаңа украинадан да кісілер келді. Кешке таныса жатармыз. Мәскеумен арадағы уақыт айырмашылығы үш сағат қой.
Не де болса, Тәуелсіздік күні құтты болсын! Ел берекесінің молаюына әрқайсымыз жауапты екенімізді мен айтпасам да түсініп жүрген шығарсың



Қарағандыда бұл мерекені апта сайын болатын созылып кеткен мереке деп қабылдайды, көшелерде Тәуелсіздік емес, Жаңа жылдың алдындағы абыр-сабыр, шыршалар…
-27 деген масқара екен.
Басқа қалаларда да солай ғой деймін… Алматы көшелерінде тулар қаптап ілініп тұратын болар деп ойлап едім.
ой, мереке емес, демалыс деп жазайын дегем.
Жылдан жылға бұл күнді ұмытып баратын секілдіміз(ұмыттыруға тырысады деп айтпай-ақ қояйын)
алаңға шықпақ болған жастар көп болды. милиция басып тастады барлығын