Білім

Интернет

Саясат

Экономика

Қоғам

Home » Archive by Category

Интернет

Шәкәрім және Букер сыйлығы туралы
Written by , Wednesday, 20 Jun, 2007 – 13:14 | No Comment

Бұл өмірде жақсы да бар, жаман да бар. Дүниеде, елімізде болып жатқан түрлі жағдайлардың астарында не жатқанын көбі біле бермейді, тіпті білуге де тырыспайды, тіпті білу де қажет емес болар, білмеймін. Мен журналист емеспін және журналистердің мақала атауына көңілді тез аударатын, көбінесе шошындыратын, көңіл-күйіңді түсіріп қынжылтатын т.с.с тақырыптар таңдауы ұнай бермейді. Бірақ журналистер болып жатқан жағдайды көпшілікке анық, тез, тиісті бағасын бере отырып, ең бастысы ашық және шынайы жеткізуі қажет. Мен бұның бәрін неге айтып отырмын: Асхаттың хабарларынан кейін өзім таңдаған «мәдениет, білім» тақырыптарына жазуды қажетсіз, мәнсіз бе деп ойлаймын. Сондықтан біраз уақыт жазбай жүргенмін. Бірақ Шәкәрімнің:

Сен ғылымға болсаң ынтық, бұл сөзімді әбден ұқ:
Білгеніңнің жақсысын қыл, білмегенді біле бер.

Білген ердің бол шәкірті, білмегенді қыл шәкірт,
Үйренуге қылма налыс, үйретуге болма кер.

Өнеріңді құр шірітпе, орнына анық жұмсамай,
Өкініші кетпес оның, өз ойыңда босқа өлер.

Қай ғылымды білсеңіз де, қазір оны елге жай,
Құр ішіңде кеткенінше, пайдалансын өзгелер.

деген жолдарын қайта оқып, осы хабарламамды ұсынып отырмын.

Дүниежүзілік әдебиет әлемінде түрлі сыйлықтар таратылуда. Солардан да хабардар болайық. Осы жылғы Букер сыйлығының лауреаты (Man Booker International Prize) болып 76 жасар Нигерия жазушысы Чинуа Ачебе (Chinua Achebe) аталды. Чинуа Ачебені «қазіргі африкандық әдебиеттің атасы» деп атайды. Бұл сайыста ол Иен Макьюэн және Салман Рушди сияқты танымал жазушыларды артқа қалдырды. Ачебаның ең атақты кітабы “Things Fall Apart” жарты ғасыр бұрын жазылып, 10 млн данасы тараған болатын. Соңғы 17 жыл ішінде Чинуа Ачебе автокатастрофа кесірінен мүгедек болып қалды, соған қарамастан ол алдыңғы қатардағы университеттерде дәріс оқиды.

Тек қана әйел жазушыларға берілетін сыйлық Orange Prize деп аталады. Биыл оны да нигериялық жазушы Чимаманда Нгози Адичи (1977 жылы туылған) (Chimamanda Ngozi Adichie) алды. Оның романы «Сары күннің жартысы» (Half of a Yellow Sun) деп аталады.

Бұрынғы АҚШ вице-президенті Альберт Гордың «Жайсыз шындық» атты ғаламдық жылу туралы документальді фильмі бұған дейін оған екі Оскар сыйлығын әкелген болатын. Енді осы фильм үшін ол халықаралық қатынас және қоршаған ортаны қорғауға қосқан үлесі үшін Принц Астурийский атындағы испан сыйлығын алады. Сыйлықпен марапаттау осы жылдың қазан айында Астурияның астанасы Овьедода болады. Бұл сыйлық оны Нобель Бейбітшілік сыйлығын алуға бір табан жақындатады деуде сарапшылар.

Интернет-мәслихат: матасу ма, шатасу ма?
Written by , Saturday, 9 Jun, 2007 – 8:25 | 3 Comments

Қазақ тілді блоггерлердің дені Елбасының интернет мәслихатына қатысты өз ой-пікірлерін білдіруде. Алғаш рет өткен соң, кемшіліктер болды ғой дейді көпшілігі. Әйтсе де, Интернет мәслихат басталмай жатып-ақ бұл жобаның көзбояу екенін айтқандар да табылды.
Мәселен, Аршат:

“- Қазақстан Республикасының Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтің интернет конференциясы өз көздеген мақсатына жете алады ма?
- Біз көздеген емес бірақ өз көздеген мақсатына жетеді. 30 сұрақ таңдалып соларға жауап береді, ал қалған сұрақтарға 30 күн ішінде басқа мемлекеттік органдар жауап береді. Бұл да бір кезекті көзбояушы «показухалардың» бірі. Халық ойлап отыр «Елбасы жауап береді, сұрағымды оқиды» деп. Жауап берсе 30 сұраққа жауап берер, ал қалғанына министрлер жауап береді. Онда да министр өзі жауап бермейді, көмекшілері жауап береді. Бұның бәрі менің жеке ойым ғой, яғни мен бұл іс сәтті бітеді дегенге сенбеймін”.

депті Бекжанның блогына берген сұхбатында. Ал Бекжанның өзі аталған іс-шараға қатысты:

“Бұл Елбасының бірінші инетернет коференциясы болғандықтан кейбір шалалықтарына көз жұмуымызға болады. Бірақ мемлекеттік тілге деген немқұрайлылық ешқандай кешірімшілік пен көз жұмушылыққа келмейді”

- деген ойда.
Бақытнұр болса: “қол бос болған соң Елбасының интернет-мәслихатын қарап шықтым. Латыншаға көшу туралы жақсы бастама еді, енді оны қайтадан шегеріп қойғанын Елбасының сөзінен аңғаруға болады” – деп, көңілі хош көрген екі-үш сауалды жариялапты. Бақытнұр Елбасының қазақ тіліне қатысты жауап берген сауалынан төмендегідей қарама-қайшылықты байқапты:

“Тіл мәселесі жайында айтқанында: қазақ еместер 45%, қазақтар 57% деді.
45+57=102% болып кетті ғой”,

- дейді. Он-лайн режимде өткізілген Интернет-конференцияға сын айтқандар көп. Барлығы дерлік конференция уақытында электронды үкімет сайтының істемей қалғандығына кіжінуде. Көш жүре түзеледі. Алғашқы ретте көзбояу ретінде басталған шара уақыт өте келе өзінің тікелей халыққа арнаған қызметіне көшер.

Менің бірінші блогым
Written by , Tuesday, 22 May, 2007 – 15:21 | 5 Comments

Қазақ тілінде “блог” жазуға ықылас білдіргенімде ойымда бірнеше тақырып болды. Соның бірі білім және білімдегі ақпараттық-коммуникациялық технологиялар болса, екіншісі дүние жүзіндегі танымал, тіпті танымал болмаса да қызықты “әдеби сыйлықтар” тақырыбына шолу жасап, қазақ тілді оқырмандарды әлем әдебиетінде болып жатқан жаңалықтармен таныстыру еді. Осы мақсатта әлемторғы сұраныс бергенімде, бірінші болып көзіме “Блукер сыйлығын пулеметші алды”(http://webplanet.ru) деген хабар ілікті. Сөйтсек жыл сайын блог негізінде жазылған кітап үшін берілетін Lulu Blooker Prize (http://www.lulublookerprize.com/ )биыл американдық Колби Баззелге Ирактағы соғыстың бейресми тарихын баяндағаны үшін берілген. Әскеридің кітабы, оның блогы сияқты “Менің соғысым: Иракта зая кеткен уақытым” (My War: Killing Time in Iraq) деп аталады. Мүмкіншілік болса кейінірек бұл туралы толығырақ жазармын

Шексіз ақпараттың ішінен ең алдымен Қазақстанмен байланыстысын іздейтінім рас. Сондықтан “әдеби сыйлықтарды” іздегенде де өз елімізбен байланыстысы бар ма дегенді де естен шығармадым. Бұл ізденісім мені ТМД елдерінің жазушыларына арналған ресейлік сыйлық “Русская премия” конкурсы туралы мәліметтерге жолықтырды. Осы конкурстың 2006 жылғы проза номинициясындағы бірінші жүлдесі өзбекістандық жазушы және ақын Сұбхат Афлатунидің “Ташкент романына” беріліпті. Екінші және үшінші орындарды қазақстандық Иван Глаголев (“Алматылық хикаялар”) пен Николай Веревочкин (“Есімі жоқ адам”) бөліскен. Ынталандыру сыйлығын Татьяна Мартиросян (Армения) “Маятник заңы” романы үшін, Валерий Квилория (Беларусь) “Құпия жазбалар” әңгімелер жинағы үшін және Бақыт Даулбаев (Қазақстан) “Бәрі тұлпардан басталады” әңгімелер жинағы үшін алған. Бұл конкурстың ең басты мақсаты – ТМД кеңістігінде орыс тілін мәдени құбылыс ретінде сақтауға және халықтардың гуманитарлық бірлігін қалпына келтіруге септігін тигізу деп айтылған. Енді осы әдеби шығармалармен таныс болуға тырысқанымда әлемтордан ешқандай қосымша мәлімет таба алмадым. Өкінішті-ақ. Read the full story »